2021 жылдың 14 желтоқсан күні Көкшетау қаласы білім бөлімінің жанындағы «Өркен» бөбекжайы өзінің 30-жылдық мерейтойын атап өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар келген мерейтойда қаламыздың жетекші балабақшаларының бірі болып саналатын «Өркен» бөбекжайының ұжымы жоғары деңгейде салтанатты іс-шара ұйымдастырды. Аталмыш кешке Көкшетау қаласы білім бөлімі басшысының орынбасары Мусина Айнур Жубандыковна, Көкшетау қ. білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Б.Кожахметов қатысты. Сондай-ақ, балабақшаның дамуына елеулі үлестерін қосып, бірнеше жыл қатарынан балабақшаны басқарған Курьята Наталья Васильевна, Островская Лидия Григорьевна, әдіскер Валиева Зульфия Равильевна шақырылды. Балабақшаның балдай бүлдіршіндері өз өнерлерін ортаға паш етсе, балабақша ұясынан түлеп ұшқан түлектер Құрал Олжас, Вицке Эдгард, Еслямова Амина, Еслямбек Алдияр шығармашылық қойылымдарын тарту етті. Кеш соңында балабақша ұжымы қалалық білім бөлімі мен Көкшетау қ. білім беру қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамоталарымен марапатталды.
«Өркен» бөбекжайының ұжымын атаулы мерейтойларымен құттықтай отырып, алдағы уақытта да толағай табыстар тілейміз! Алар асуларыңыз алда болсын!