08.05.2025
ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН ІС-ӘРЕКЕТТІҢ МАҚСАТЫ - Жеңіс күні мерекесінің маңыздылығын түсіндіру, өз Отанын жақсы көруге тәрбиелеу.
МІНДЕТТЕРІ:
- өз Отанын қорғаудың, Қазақстан әскерінің маңыздылығынтүсіндіру;
- Кеңес Одағының батырлары Бауыржан Момышұлының, Әлия Молдағұлованың, Мәншүк Мәметованың, Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың ерліктері туралы насихаттау;
- Ұлы Отан соғысы жылдарында Отанын қорғаған қазақстандық жауынгерлердің ерліктері туралы түсіндіріп, оларды құрметтеуге баулу;
- өз Отанын сүюге, қорғауға, патриотизмге тәрбиелеу;
- еліне, туған жеріне деген құрмет пен сүйіспеншілік сезімдерін ояту;
- адамдардың еңбегін құрметтеуге тәрбиелеу.
ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ӨТКІЗУ
- Педагогтерге ұйымдастырылған іс-әрекетті балалардың жас ерекшеліктерін, психофизикалық ерекшеліктерін және бағдарламалық талаптарды ескере отырып жоспарлап, ересек топтарда, мектепалды топтарда/сыныптарда мектепке дейінгі ұйымдарда ата-аналарды қатыстырмай, тек балалармен өткізу ұсынылады.
- Ұсынылатын тақырыптар: «Бейбіт күн жасасын»; «Жеңіс туы желбіре»; «Ер есімі – ел есінде»; «Елімнің батырлары» (басқа тақырыптарды таңдауға болады).
- Ұйымдастырылған іс-әрекет барысында өздері білетін патриоттық өлеңдер мен әндерді орындату, мерекенің маңыздылығы жайлы, Отанын қорғаған қазақстандық жауынгерлердің ерліктері туралы балалармен әңгімелесу, отбасының батырлық істері туралы өздеріне әңгімелету, шығармашылық жұмыс (сурет салу, жапсыру, құрастыру) жасау, қауіпсіздік ережелерін үйрететін мульфильмдер ұсынылады.
- Ұйымдастырылған іс-әрекетте қатыгездік пен зорлық-зомбылық көріністері бар сахналық қойылымдарды көрсетуге қатаң тыйым салынады.
ҰСЫНЫМДАР
Балалардың ұйымдастырылған іс-әрекетке деген қызығушылығын қалыптастыру үшін дамытушы заттық-кеңістіктік ортаны (аудиоматериал, үстел үсті ойындары, балалар әдебиеті, рөлдік, театрландырылған, конструкторлар, дидактикалық ойындар мен ойыншықтар, шығармашылық жұмыспен айналысуға жағдай жасау және т.б.) ұйымдастыру ұсынылады.
Сондай-ақ, ұйымдастырылған іс-әрекеттерден бөлек:
- бөбек жасындағы балаларға балаларда қуанышты жағымды эмоционалдық көңіл-күй туғызу және мерекелік мәдениетті қалыптастыру мақсатында қуыршақ, үстел үсті, саусақ театрларын, ойын-сауықтар және т.б;
- мектепке дейінгі жастағы балаларға мереке туралы түсініктерін бекіту мақсатында музыкалық, спорттық ойын-сауықтар, ұлттық ойындар, жас ерекшеліктеріне сәйкес сахналық қойылымдар, эстафеталық жарыстар, сурет және асфальтқа сурет салу байқауларын ұйымдастыру ұсынылады.
Бұл маңызды!
Мектепке дейінгі ұйымның басшысы мен әдіскері өткізілетін әрбір іс-шараның, ұйымдастырылған іс-әрекеттің, сахналық қойылымдардың мазмұнына назар аударып (өрескел қылықтар, зорлық-зомбылық, қатыгездікке жетелейтін әрекеттердің болмауы), бақылауда ұстауы тиіс.
Ұйымдастырылған іс-әрекетте қатыгездік пен зорлық-зомбылық көріністері бар бейнематериалдарды көрсетуге және оларды сахналауға (ойын барысында, басқа да әрекеттерде суық қару түрлерін) қатаң тыйым салынады.