13.02.2026
Мектепалды даярлық № 10 тобының тәрбиеленушілері тәрбиеші Ғаббасова Гүлжан Қайырбековнаның жетекшілігімен STEAM тәсілі негізінде «Болашақ қаласы» тақырыбында қызықты ұйымдастырылған іс-әрекет өткізді.
Іс-шараның мақсаты – балалардың бастапқы инженерлік дағдыларын (құрастыру, модельдеу) қалыптастыру, шығармашылық ойлауын дамыту және нысандарды жобалау қабілеттерін жетілдіру. Тәрбиешінің бағыт-бағдар беруімен балалар «ақылды қала» және «эко-қала» ұғымдарымен танысып, заманауи технологиялардың адам өмірін ыңғайлы әрі қауіпсіз етудегі маңызы туралы пікір алмасты.
Тәрбиеленушілер болашақ қаланың макеттерін құрастырып, күн энергиясын пайдалану, жасыл аймақтар құру, қауіпсіз жол жүйесін жобалау сияқты экологиялық шешімдерді ұсынды. Сонымен қатар ұлттық ою-өрнектерді қолдану арқылы мәдениет пен заманауи технологияның үйлесімді байланысын көрсете білді.
Топтық жұмыс барысында балалар бірлесе әрекет ету, өз ойларын дәлелдеп жеткізу және дайын жобаларын таныстыру дағдыларын дамытты. Бұл ұйымдастырылған іс-әрекет балалардың креативтілігін арттырып, инженерлік ойлау қабілетін дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.